/
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің
"Республикалық қан орталығы" ШЖҚ РМК

ГДЖ донорлығы туралы

Гемопоэздік дің жасушалары

Сүйек кемігі майы – бұл біздің денеміздегі көптеген сүйектердің ортасында орналасқан жұмсақ, кеуекті материал. Сүйек кемігі майында қантүзетін (гемопоэздік) жасушалар көп болады.

Гемопоэздік дің жасушалары (ГДЖ, сондай-ақ гемоцитобласттар немесе сүйек кемігі майының жасушалары деп аталады) - бұл қан жасушаларының бастамашы жасушалары. Олардың жетілуі нәтижесінде эритроциттер (оттегін тасымалдайды), тромбоциттер (қанның ұюына жауап береді), лейкоциттер (жұқпамен күреседі) пайда болады. Барлық эритроциттер мен тромбоциттер сүйек кемігі майында, сондай-ақ лейкоциттердің 70% өндіріледі. Лейкоциттердің қалған 30%-ы көкбауырда, лимфа түйіндерінде және айырша безінде өндіріледі.

ГДЖ зиянды әсерлермен зақымданған сүйек кемігі майы мен иммундық жүйенің қызметін қалпына келтіру қабілетіне ие. Олардың көп мөлшері жамбас, сан және төс сүйектерінде болады. Сондай-ақ, ГДЖ көп мөлшерде ұрықтың немесе жаңа туған нәрестенің плацентарлы және кіндік қанында кездеседі. ГДЖ аз мөлшерде сау адамдардың шеткі қанынан да табылады.

Дің жасушаларын транспланттау дегеніміз не?

Гемопоэздік жасушаларды транспланттау – бұл әртүрлі ауруларды, оның ішінде балаларда қатерлі ісікті емдеу үшін жүргізілетін медициналық процедура. Бұл зақымдалған немесе жойылған қан түзетін (гемопоэздік) жасушаларды сау жасушалармен алмастыруға мүмкіндік береді. Оның мәні - науқастың өз қантүзілімінің донорлық қанмен толықтай алмастырылуы.

ГДЖ донорлар тіркелімі дегеніміз не

Тіркелім - бұл әлеуетті донорлар және олардың HLA-фенотипі туралы ақпарат орналасқан компьютерлік дерекқор. Туыс емес екі адамның генотиптерінің сәйкес келу ықтималдығы 1:10 000-нан 1:1000 000-ға дейін. Сондықтан да сүйек кемігі майының лайықты донорын ұзақ уақыт іздеуге тура келеді.

Тіркелім ГДЖ транспланттауды қажет ететін пациенттер үшін жасалады. Ол қажет болған жағдайда сүйек кемігі майының доноры болуға келісім берген адамдар туралы ақпараттан тұрады. Мұндай тіркелімдер барлық дамыған елдерде, сондай-ақ өз азаматтарына әлемдік деңгейде медициналық көмек көрсеткісі келетін елдерде бар. Барлық ұлттық тіркелімдер жалпы саны 36 миллионнан астам доноры бар халықаралық тіркелімге біріктірілген.

2011 жылы Ресей-Қазақстан ақпараттық ресурсы құрылды – www.bmds.info - Bone marrow donor search (бұдан әрі - BMDS). Ол тепе-тең негізде Ресей мен Қазақстан тіркелімдерінде ГДЖ туыс емес донорын іздеу мүмкіндігіне арналған.

Сүйек кемігі майының гемопоэздік (қантүзетін) дің жасушалары донорларының тіркелімін қалыптастыру қағидаттары

  • Анонимділік – донор және оның генотипі туралы деректердің жұмыстың барлық сатыларында енуден, көшіруден және жария етуден абсолюттік қорғалуы.
  • Өтеусіз – қантүзетін дің жасушаларының донорлары тіркелімге өтеусіз қосылады. Қантүзу жасушаларын тапсыру нақты науқасқа ауыстырып салу отасын жүргізу жағдайында жүзеге асырылады.
  • Еріктілік – әлеуетті донор болу туралы шешімді адам азаматтық борышын өз түсінігіне қарай өз бетінше және саналы түрде қабылдайды.

ГДЖ доноры кім бола алады?

Гемопоэздік дің жасушаларының әлеуетті доноры вирусты гепатиттермен, туберкулезбен, қатерлі ісікпен ауырмаған, АИТВ тасымалдаушысы емес, психикасының бұзылуынан зардап шекпейтін басқа адамның өмірін құтқару үшін мүмкіндік беруге шешім қабылдаған 18-ден 45 жасқа дейінгі кез келген адам бола алады.

ГДЖ донорлар тізіліміне қалай кіруге болады?

1) Қан орталығына келу (өзімен бірге жеке куәлігі болу).

2) Әлеуетті донордың сауалнамасын және дерекқорға (тіркелімге) кіру туралы келісімді толтыру.

3) HLA-типтеу, фенотипті анықтау үшін 6-9 мл қан (тамырдан) тапсыру. Талдау нәтижелері бойынша Сіздің фенотипіңіз дерекқорға – сүйек кемігі майының қазақстандық тіркеліміне енгізіледі.

4) Әрбір әлеуетті донорға жеке штрих-код беріледі.

5) Донор туралы мәліметтер дерекқорға (тіркелімге) кодталған түрде енгізіледі.

Егер Сіздің HLA-генотипіңіз науқастың геномымен сәйкес келсе

- Сізге бұл туралы хабарланып, нақты науқас үшін гемопоэздік дің жасушаларының доноры болуды ұсынады.

- Сіздің келісіміңізден кейін ғана қайта кеңейтілген типтеу және толық медициналық тексеру жүргізіледі.

- Типтеудің оң нәтижелері мен қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда гемопоэздік дің жасушаларының нақты донорлығы туралы мәселе шешіледі.

Гемопоэздік дің жасушаларын алу қалай жүреді?

Сүйек кемігі майын тапсыру әдетте қауіпсіз және жақсы төзімді өтеді. Шамалы асқынулар мен жағымсыз салдарлар донорлардың салыстырмалы түрде аз бөлiгiнде кездеседi.

Гемопоэздік дің жасушаларын жинау алдында донор толық тексеруден өтеді, тіпті денсаулыққа ең аз қауіп төнген жағдайда да оны рәсімнен шеттетеді. Гемопоэздік дің жасушаларын алу кезінде жоғалтудың өзі сезілмейді және оның көлемі 10-14 күн ішінде толық өтеледі.

Дің жасушаларының регенерациясы соншалықты жоғары, үш айдан кейін қайта донор болуға болады. Бірақ бүгінгі күні бізге ГДЖ қайта донорлығының мысалдары белгісіз.

Клиникалық мақсаттар үшін гемопоэздік дің жасушаларының көзі сүйек кемігі майы, шеткі қаны және плацентарлық (кіндік) қаны пайдаланылады. Көзді таңдау реципиенттің негізгі ауруының сипатына, клиникалық қарсы көрсеткіштердің болуына және донордың артықшылығына байланысты.

Сүйек кемігі майының дің жасушаларын алу әдістері:

  1. Шеткі көктамыр арқылы (кәдімгі қан донациясы сияқты) – сүйек кемігі майының қанға гемопоэздік дің жасушаларын шығаруға арналған медициналық препаратпен ынталандыру жүргізіледі, ол жерден олар автоматты қан сепараторының көмегімен жиналады. 99% жағдайда пайдаланылады.

Лейкоферез жолымен шеткі қанның дің жасушаларын алу ауруханаға жатқызуды және жалпы ауырсынуды басуды талап етпейді.

  1. Гемопоэздік дің жасушалары және басқа да бастамашы жасушалар жамбас сүйектерінен жүрек асты сүйегінен немесе төс сүйегінен қалың инені және шприцті пайдалана отырып алынуы мүмкін. Жасушалар шприцпен сору кезінде алынатын сұйық аспират түрінде (сүйек кемігі майының пункциялық немесе аспирациялық биопсиясы) немесе сүйек кемігі майы стромасының бір бөлігімен, сүйек кемігі майының тамырларымен және сүйек бөлігімен бірге (сүйек кемігі майының трепанобиопсиясы деп аталатын) сүйек кемігі майының қантүзу тінінің бір бөлігі түрінде троакардың көмегімен алынуы мүмкін.

Сүйек кемігі майын алу кезінде адекватты жансыздандыру жүргізіледі, қазір бұл тәсіл өте сирек қолданылады.