/
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің
"Республикалық қан орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері

|. Әдет-ғұрып

Қазақ халқы ата-бабаларынан қалған салт-дәстүрлерді қастерлейді.

Уақыт өте келе ұлттық сипатқа айналған қазақтардың негізгі дәстүрі қонақжайлылық болып табылады. Қазақтардың қанына ана сүтімен даритын қазақ ұлтына ғана тән асыл қасиет. Сондықтан да қонақты сыйлау, құрметтеу, қонаққа деген ілтипат көрсету бала кезден қалыптасады. 

Қазақ қоғамында көне заманда айтылған бейресми заң бар. Ол былай дейді – келген адамды құдайы қонақ ретінде қарсы ал.

Қазақ қоғамындағы қонақжайлылық қасиеті міндет болып саналады. Барлық уақытта дала тұрғындары қонақты қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Сондықтан әрбір жолаушы жол жүруге аттанып бара жатып, оны қазақ жерінің кез келген бұрышында қарсы алатынын білген.

Үлкендерге құрметпен қарау – қазақ халқының тағы бір жағымды қасиеті. Дәстүр бойынша, жас кезінен бастап балаға ересектермен, өмірлік тәжірибесі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ұстамдылық пен парасаттылық үйретіледі.

Алайда, жоғарыда аталған ұлттық ерекшеліктер, қоғамдық қатынастардың жалпыланған нормалары мен принциптері (дәстүрлер) олардың пайда болуына негіз болды, бақытымызға орай, тек қазақ халқының өкілдеріне ғана тән емес. Сондықтан, сіздердің назарларыңызға қазақ қоғамында кеңінен таралған негізгі әдет-ғұрыптардың тізімі ұсынылады.



  1. 1. Сыйлықтарды ұсынумен байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

    Сүйінші - үйге қуанышты хабар әкелген жолаушыға алғыс ретінде үй иелерінен бағалы сыйлық алатын әдет.

    «Ат мінгізіп шапан жабу» - жоғары құрмет. Дәстүр бойынша, құрметті қонақ, ол ақын, батыр немесе ауылға келген өте құрметті адам болуы мүмкін, сіңірген еңбегін мойындау белгісі ретінде жергілікті тұрғындардан жылқы мен қымбат шапан (түйе жүнінен тігілген шыттан астары бар халат) алады.

    Бес жақсы - бір мезгілде бес бағалы заттан тұратын сыйлық. Оған қара нар, жүйрік ат, қымбат кілем, алмас қылыш, сондай-ақ бұлғын ішік кіреді. Бес жақсы «ат мінгізіп шапан жабу» сияқты қазақ қоғамындағы ең құрметті адамдар марапатталады.

    Байғазы - қазақ дәстүрінде үлкеннің кішіге, негізінен балаға беретін сыйлығы.  Байғазыны, көбінесе, жасөспірім балалар, бойжеткен қыздар, бозбалалар жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда ағалары мен жеңгелерінен, әпке, әке-шеше, жанашыр жақын туыстарынан сұрайды. Үлкендер Байғазы (ақша, малдың төлі, т.б.) берумен бірге құтты болсын айтып, ізгі тілек білдіреді.

  1. 2. Өзара көмекке байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

    Асар - Ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлерің бірі осы – Асар . Оның негізгі мақсаты көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі, қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді.

    Жылу жинау  – Бұл да көмекке бағыталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан айырылғанда (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан  қапыда айырылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай, немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды».

    Бел көтерер - дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей (жұта) беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер - адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Үлкендерді сыйлау, оларға күтім жасау керектігін көрсететін бұл дәстүрдің жастарға берері мол. 

  1. 3. Қонақ күтуге байланысты салт-дәстүрлер

    Қонақасы  – қонақты сыйлап ішіп-жегізумен байланысты әдет. Қазақ халқы ежелден қонақжайлығымен танымал болған. Ең дәмдісін қазақтар әрқашан қонақтар үшін сақтаған. Қонақтар үш түрге бөлінді. «Арнайы қонақ» - арнайы шақырылған, «құдайы қонақ» - кездейсоқ жолаушы, «қыдырма қонақ» – күтпеген қонақ. Айта кету керек, егер үй иесі қандай да бір себептермен қонақасы дәстүрін сақтаудан бас тартса, оған қатысты (ежелгі уақытта) айыппұл санкциялары қолданылатын болған.

    Қонақкәде  – көңілді отырудың, үй иесінің, сонымен бірге қонақтың риясыз көңілін білдіретін белгі. Үй иесінің қонағына қонақкәде айтыңыз деп өтініш жасауға хақы бар. Бұл «өлең айтыңыз, өнер көрсетіңіз» дегенді білдіреді. Екіншіден, бұрынғы адамдар жастарды өлең айтуға, айтысқа, шешендікке, домбыра үйренуге ерте баулыған. Олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз болып өсуіне қолдау көрсетіп отырған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай болып қалыптасқан.

    Ерулік  – дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады.

    Той дастархан  - мерейтойға немесе оның барысында ұйымдастырылған мерекенің ерекше түрі. Дастарқан басында отырудан басқа, сол дастархан кезінде спорттық, музыкалық, ән жарыстары (айтыс), ат жарыстары өткізіледі.

  1. 4. Баланың туылуымен және тәрбиесімен байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

    Шілдехана  - нәрестенің дүниеге келу құрметіне арналған той, қазақ халқының көптеген салт-дәстүрлердің  бірі баланың дүниеге келгендегі алғашқы тойы. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да баруға болады. Қонақтар Перзентіңнің (ұлыңның немесе қызыңның) «бауы берік болсын!» деген тілек айтады. 

    Бесікке салу - нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-үйдің әйелдері шашуын, жол-жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады.

    Есім қою, ат қою - жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Ырымға байланысты ат қою қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. 

    Қырқынан шығару  - Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Таңдалған күні үйге туған-туыстардан, ауылдан әйел адамдар жиналады. Бұл салтқа ер адамдар қатыстырылмайды. Жиналған қонақтар арасынан елге сыйлы, қадірлі үш әйел таңдалып қойылады. Олардың бірі - тырнағын, бірі - шашын алады. Үшіншісі нәрестені қырық қасық суға шомылдыру рәсімін өткізеді. Қайнаған суды суытып, ішіне қырық бұршақ не басқа да дәндер мен күміс тиындар салады. Сәбиді осы суға отырғызып қырық қасық суды бұршағымен баланың басынан денесіне санап құяды. 

    Тұсау кесу  - бала ертерек жүріп кетсін деген ниетпен, жасалатын салт. Ол бала еңбектеуден, қаз тұруға (екі аяқпен тұруға) ауысып, жүруге жақын қалғанда жасалады. Баланың тұсауын кесу үшін аранайы, кішігірім той жасалады. Баланың аяғын салт бойынша ала жіппен байлайды. Бұны «ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алсын, адал азамат болсын» деген ниетпен байлайды. Тұсау кесетін адамды баланың ата-анасы таңдайды. Осы рәсім көбінесе, көп балалы, салиқалы анаға, немесе абыройлы ақ жаулықты әжеге тапсырылады. Баланың тұсауын кескен адам ширақ қимылдайтын, тез жүретін адам болу керек, себебі оның осы қасиеттері балаға сіңеді деп сенеді біздің халық.

    Сүндетке отырғызу  - Халық түсінігінде баланы сүндетке тақ жасында отырғызады. Яғни үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан тым кешіккенде он үш жаста. Бұл жастан кешіктіруге болмайды. Баланың сүндетке отыруы – оның азаматтық өмірге қадам басуымен тең. Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ салтында, сүндетке отырған баланың нағашылары «нағыз азамат, мұсылман болдың» деп тай мінгізсе, ата-әжелері түрлі базарлығын сыйға тартқан.

  1. 5. Некеге құруға байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар

    Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынған, мұндай тыйым салу қандас-туысқандық араласулардың алдын алуға ықпал етеді және соның салдарынан болашақ ұрпақтардың денсаулығына жағымды әсер етеді. Қазақ қоғамындағы кез-келген үйлену тойы құда түсуден басталады.

    Құдалық дегеніміз  екі отбасының туыстық қатынасқа апаратын маңызды қадам, ал жалпы қазақ халқы үшін бұл маңызды дәстүр болып есептеледі.     

    Бұрынғы заманда екі отбасының құдаласуы үкі тағу салтыннан басталатын. Үкі тағу - керек болса бесікте жатқан қызға да (егерде қызды атастырып қойса) тағылатын. Үкі тағылған қыз – қыздың басы бос емес екенің білдіреді.Үкі тағу үшін қыздың үйіне, жігіт жақтан 4-5 адам барады. Қызға үкі тағылғаннан кейін, екі жақ келісімге келіп, құдалықтың нақты уақыты анықталады. Бұрын қызға үкі тағылса, қазіргі кезде қызға сырға тағылады. Қыз айыттырылғаннан кейін, екі жақ үшін маңызды сәт – құдалық басталады. Қыз жақтан құдалыққа 7 адам барады. Қазіргі кезде құдалыққа баратын адамдардың саны көбейіп кеткен. Бұрыңғы кезде құдалыққа көп адамның баруы әдепсіздік болып есептелетін. Құдалықта ең беделді адамды – бас құда деп атайтын. Жігіттің әкесі бел құда болып есептеледі. Жігіт жағындағы  аға інілері, омыртқа құда деп аталады.Әйел адамдардың жасы үлкені құдағи болса, жасы кішілері құдаша болады. Қыз бен жігіттің інілері құда бала болады.

    Екі жақ жиналғаннан кейін құдалықтың кәделері басталады. Кәде дегеніміз арнайы жасалатын дәстүрлердің жиынтығы  Бірінші кәде «Киіт кигізу», құдалардың бір біріне құрмет ретінде, киім және т.б. қымбат бұйымдар сыйлауы. Екінші жасалатын кәде «Өлі-тірі». Өлі-тірі дегеніміз әруақтартардың ризашылығына сойылатын  мал. Екі жақтың туыстық қарым қатынасы ұзақ болуы үшін, өлілердің алдында және тірілердің алдында ант береміз деп мал сояды. Кейін сойылған малдың еті құдалардың арасында тарқатылады.  

    Құйрық бауыр асату – қазақ халқында ежелден бері келе жатқан дәстүрлердің бірі. Дәстүрдің өзіне тән орындалу шарттары бар. Тойға келген құдаларға жасы үлкенінен бастап құйрық бауыр асатады. Ас – қойдың құйрық майы мен бауырынан дайындалады. Арнайы құдаларға арнап сойылған қойдың майы мен бауырды қонақтарға арнап пісіріп, жұқа тілімдеп кесіп әзірлейді. «Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп құйрық бауырды қалыңдық пен күйеу жігіттің жеңгелері келген құдаларға әндетіп жүріп кезекпен өз қолдарымен асатады. Келген басқа қонақтар (мысалы, жігіт жақтың тойына келген қыздың туыстары) астан ауыз тиеді. Жеңгейлердің құйрық бауыр салынған табақшаларын бос қайтармас үшін, құйрық бауырдан дәм татқан әрбір қонақ оларға ырым жасап өз кәделерін береді. Бүгінгі күні ол ақшалай түрде беріледі. Бұл жаңа таныс болып жатқан туыстардың арасын жақындату мақсатындағы ырымдардың бірі.

    Құйрық бауыр асату құдалық, той кезінде жасалатын басты әрі маңызды дәстүрлердің бірі және ол тек қазаққа тән. Сондықтан да, халық арасында «құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген сөз қалған.

    Қыз ұзату - ертеден келе жатқан екі елдің арасындағы байланыс болар ер адам мен әйел адамның ағайын мен халықтың алдында бата алып, отау құруға бастау болар салт-дәстүр. Қыз ұзату дәстүрі осы сөйлеммен шектелмейді. Қыз баланы болашақ жарына аттандыру үшін, бірнеше міндеттелген делік ұғымдар мен сатыдан тұрады.

    Келін түсіру қазақ халқының маңызды дәстүрі болып саналады.Ал отбасын құрғысы келетін жастар үшін бұл маңызды қадам болып есептеледі. Бұрынғы заманда келін түсіру дәстүріне бүкіл ауыл қатысқан.Үлкен жиын болған. Келінге арнайы шашу шашылған. Ауыл тұрғындары келінге, отау тіккен. Шаңырақты бала шағалы, балалары ер жетіп өскен, салиқалы ана көтеру керек. Келін  ауылға келгеннен кейін, оның бетіне шымылдық жабылады. Одан кейін түрін ешкімге көрсетпей, қайын атасынының үйіне кіргізеді. Келін үйдің босағасын оң аяғымен аттауы керек. Кейін атасына сәлем береді.Сәлем беріп болғаннан кейін, атасы келінге батасын береді. Атасы батасын бергеннен соң, келін отқа май құяды. Бұл да қазақтың ерекше ырымы. Бұл ырымның жасалуы - «Жаңадан түскен келін, үйге майдай сіңіп кетсін» деп құйғызады.Сосын келінді арнайы тігілген ақ отауға кіргізіп, оған шашу шашады.

    Беташар дегеніміз келін түскенде жасалатын арнайы дәстүр. Келінің бетіне орамал жабылып, оның жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Сосын арнайы шақырылған жырау келеді. Жырау беташарға келген күйеу жігіттің жақын, алыс болған туыстарын, ұйқастап шумақтап атап шығады. Аттары аталған туыстар келінге сый ретінде ақша, мал мүлік береді. Бұл да отбасы құрайын деп жатқан жастарға, үлкен көмек болып есептеледі. Себебі қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бар. Екі жастың үй болуын, жеңілдету мақсатында туыстары сыйлық береді. Бұдан кейін беташардың екінші бөлімі басталады. Екінші бөлімінде жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарым-қатынасын, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады. Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзінен үлкен болған адамдарды сыйла, ерінбей үйдегі жұмыстарды жаса деген сияқты өсиеттер айтылады. Беташар айтылып болған соң, жыршыға ат міңгізіп, үстіне шапан жауып жібереді. Беташар біткеннен кейін той басталады.

  1. 6. Қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптары

    Туған жерге аунату  – Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Бұл - туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге «аунайтын» дәстүр. Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден «Сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынада. Екінші «Туған жер ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де халықтың осы бір әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.

    Аузына түкірту  – Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Бұл сенім ырымы болғандықтан ел ішінде әлі де жасалады және жиі айтылады. Оның орындалуы, ишара түрінде, ауызға түкіру нышаны ғана жасалады. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған.

    Ашамайға мінгізу  – Қазақ салтында сәбилер балалық шақтың бірінші сатысына жеткен кезде ер бала мен қыз бала ретінде алғаш рет жыныстық жағынан жіктеледі: қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізіліп, қызша киіндіріледі. Сондай-ақ, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойған, соның ішінде алғаш рет жеке атқа мінгізу рәсімін өткізген. Бұрыңғы заманда еркек адамдар, өмірлерінің басым бөлігін аттың үстінде өткізетін. Сол себептен, баланы ашамайға міңгізудің мәні зор. Себебі бұл дәстүр жас балаларды атқа мініп, нағыз еркек, ересек болуға үйрететін. Ал бұрынғы заманда атқа міне алмаған бала, болашақта еркек деген атқа лайық болмайтын. Сол үшін барлық ата – анаға, осы ғұрыпты істеу міндет болатын.

    Бастанғы – қазақ халқының көне дәстүрі. Бір шаңырақтың үлкендері бір себептермен сапарға шығып кеткен кезде, сол шаңыраққа ауылдың жастары жиналады. Бастаңғыны шаңырақтың бойжеткені ұйымдастыруы керек. Бойжеткен алдын ала әке шешесінен рұқсат сұрауы керек. Рұқсат берген жағдайда ғана, бастаңғыны ұйымдастыруға болады. Бастаңғы болатынын білген қыздың ата-анасы мал дайындап қояды. Бастаңғыға келген ауыл жастары өздерімен бірге сарқыт, тамақ алып келеді. Осы жиынға өнерпаздар да келетін. Келген жігіттер қой сояды, қыздар болса дастархан жаяды. Мал сойылып, дастархан жайылып болғаннан соң, барлығы дастарханның басына жиналады. Дастарханға жиналған жастар ән айтады, ойын ойнайды. Ойындардың ішінде алтыбақан, ақсүйек жиі ойналады. Осы ойындар көбінесе түнде ойналған. Алтыбақанға әдетте бір біріне сезімін білдіргісі келген қыз бен жігіт жұптасып тұратын. Олар алтыбақанды тербетіп, бір біріне жырларын, сырларын айтады. Өнерпаздар домбырамен өлең айтатын. Оларға сыйлық ретінде үстілеріне шапан жабатын. Бастаңғы қызық болу үшін жастар ән-айтыс жасаған. Өлең айтып, айтысып болғаннан соң, қызықты оқиғалар айтып, әдептін шегінен шықпай әзілдескен. Түнде басталған бастаңғы, таңға дейін жалғасатын. Жиналғандар бір бірлеріне қисса, дастандар айтатын. Таңға жақын жастардың жиыны аяқталатын.  Бұрыңғы кезде қазақтың жастары, осылайша бос уақыттарын өткізетін.