/
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің
"Республикалық қан орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстанның Тәуелсіздік күні!

16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік күні!

        Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 31 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.

Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз.

1990 жылғы 25 желтоқсанда Қазақ КСРО республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Бұл заң Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. Оның кіріспесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, халықаралық құқықтың өзге де жалпыға бірдей танылған нормаларында бекітілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру шешімін негізге ала отырып, бейбітшілікті сүйетін сыртқы саясатты жүзеге асыра отырып, қазақ ұлтының өзін-өзі айқындау құқығын растай отырып, ядролық қаруды таратпау қағидатына және қарусыздану процесіне өзінің адалдығын Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайды.

Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанның көпвекторлы стратегиясын айқындайтын саяси шешімдер қабылданды, олардың бірі Президенттің 1991 жылғы 29 тамыздағы Семей ядролық полигонын, әлемдегі төртінші ядролық қару қорын жабу туралы Жарлығы болып табылады. Әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның ядролық қарусыз бейбітшілікке ұмтылатын қауіпсіз ел екенін көрсетті. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс төртінші сессиясы 64/35 қарарды бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді қолдау мақсатында көпұлтты елде "Қазақстан халықтарының Ассамблеясы" құрылды. 12 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтар ақталды.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) толыққанды мүшесі, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) және басқа да ұйымдардың қатысушысы болды.

1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі саяси және экономикалық себептерге байланысты елорданы көшіру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Нұр-сұлтанға (сол кезде Ақмола) көшірілді. Қысқа мерзім ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті, Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөздер, әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші съезі, ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты халықаралық экономикалық және саяси оқиғаларды өткізетін ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығымен марапатталған заманауи қала салынды. Елордада өткізілген ауқымды іс-шаралар елдің имиджін, оның әлемдік қоғамдастық арасында танылуы мен беделін нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, оның аумағында елге инвестициялар тартуға ықпал ететін ағылшын құқығы қолданылады. Қазір Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт салынып жатыр. Мешіттің жоспарланған сыйымдылығы - 30 мың адам.

Бүгінгі таңда Қазақстан шамамен 18,8 млн халқы бар, экономикалық әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын шындыққа айналдыруға, қоғамға есеп беретін кәсіби мемлекет болуға ұмтылатын көпұлтты ел болып табылады. Елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан, инфрақұрылым теңгерімсіздігі, жерді игеру, қуаттылық өнімділігі, орталық, облыстар мен өңірлер арасындағы ел тәуелсіздігін нығайту үшін шешілуі қажет бірқатар сын-қатерлер қалып отыр; шикізаттық экономикадан "жасыл" және инновациялық экономикаға көшуді жеделдету; сауда-экономикалық өкілдіктерде және халықаралық жобаларда әлеуетті толық іске асыру. Қазақстан тиімді іс-қимылдар мен шаралар кезінде неғұрлым бәсекеге қабілетті экономикасы бар 10 мемлекеттің қатарына кіруге мүмкіндік беретін аса өршіл жоспарлары бар өңірлік көшбасшы болып саналады.

Кез келген ел сияқты, Тәуелсіз Қазақстан да өз халқының өмірінің жоғары деңгейіне, заманауи технологияларға негізделген өркендеген экономикаға, сыртқы саясатта тең құқықты қатынастар құруға ұмтылады. Тәуелсіздік барлық азаматтардың бірлескен күш-жігерімен қорғалуы және нығайтылуы қажет нәзік нәрсе екенін есте ұстаған жөн.

Құрметті әріптестер, сіздерді келе жатқан 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін бұдан 31 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі. Сіздерге ашық аспан аясында егемен еліміздің игілігі жолындағы істеріңізге мол табыс, жанұяларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін.Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын